15 Қырқ 2020
Жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі бүркітші қыз Айшолпанмен кездесті

Бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі Ерлан Сағадиев бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен кездесті.

Бұл – Монғолиядан келген қазақ қызы Айшолпанның Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Министрмен әңгімелесу барысында 17 жасар бүлдіршін болашақта Гарвард университетінде жоғары білім алып, журналист мамандығын игеруді армандайтындығын айтып жеткізді. Көздеген мақсатына жету үшін бүркітші қыз алдымен Қазақстанда өзінің академиялық білімін жетілдіруге бел буған. Осы ретте Ерлан Сағадиев Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі өз тарапынан Айшолпанға барынша қолдау көрсетіп, көмек қолын созуға дайын екендігін айтып жеткізді.  Кездесу барысында Білім және ғылым Министрі келген қонақтардан Монғолиядағы білім сапасы мен жалпы мектептердің жағдайын сұрап білді.

Естеріңізге сала кетейік, Айшолпанның есімі бүркітшілер арасында өткен үлкен жарыстағы жеңісінен кейін әлемге паш етіліп, таныла бастады. Бұл жарыста А.Нұрғайыпқызы жарысқа қатысушы бүркітшілердің арасында ең жасы болатын. Сол кезден-ақ шетелдік БАҚ, сондай-ақ BBC, CNN телеарналары Айшолпанға қызығушылық таныта бастаған. Жас дарын иесі xалқымыздың көне мәдениетін барша әлемге танытып, өзінің шеберлігімен көпшілікті тәнті етті. Айшолпанның әкесі Нұрғайып Монғолиядағы атақты бүркітші екендігі белгілі.

Кездесу соңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрі Е.Сағадиев дарынды қызға сәттілік және жеңісті күндер тілеп, сыйлықтар табыс етті.